Павлодар облысында улану салдарынан тағы бір адам қайтыс болды

Павлодар облысында улану салдарынан тағы бір адам қайтыс болды
old.aqmeshit-aptalygy.kz

Облыстық полиция департаменті улануға қатысты оқиғаның мән-жайын айтты. Аталған факті Ертіс ауданының полиция бөлімінде тіркелген, тергеу жүргізілуде, деп хабарлайды «Хабар 24» @Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша көз жұмған адамдардың денелерінде сыртқы зорлық-зомбылық белгілері жоқ.

«27 мамыр күні сағат 22.17-де Ертіс ауылында үй иесі 1955 жылғы ер адам мен 1990 жылы туған ұлының денелері табылды. Сондай-ақ бүгін, 28 мамыр күні сағат 07.15-те аудандық ауруханада 1975 жылғы және сағат 18.00 шамасында 1969 жылғы ауыл тұрғындарының денелері анықталды. Сағат 07.24-те үйден 1957 жылғы зейнеткердің денесі табылды», – деді басқармадағылар.

Сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Соның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Полиция оқиғаның мән-жайын анықтау барысында қаза тапқандардың барлығы Ертіс ауылының тұрғынында бір сыйымдылықта сақталған шығу тегі белгісіз сұйықтықты тұтынғанын анықтады. Ыдыстар алынып, сұйықтықтың қалдықтары бойынша сараптама тағайындалды. Зерттеу нәтижелері бойынша өлімнің себебі анықталады.

Бұған дейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы белгісіз затпен уланған төрт адамның қайтыс болғаны туралы хабарланған болатын.