Ақтөбеде «оқу орындарына бомба қойған» адам іздестіріліп жатыр

Ақтөбеде «оқу орындардың ғимараттарына бомба қойылды» деп жалған хабар берген адам іздестіріліп жатыр.

Ол полиция департаментінің электронды поштасына осылай деп хат жіберген. Бұдан соң барлық шұғыл қызметтер мен саперлер тобы дереу оқиға орнына барған. Қаладағы оқу орындарының студенттері мен оқытушылары сыртқа шығарылды. Алайда жарылғыш құрылғы табылмаған. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Атырауда жол ережесін бұзған жүргізушіге айыппұл салынды

Атырауда жол ережесін өрескел бұзған 19 жастағы жүргізушіге айыппұл салынды. «Лада Гранта» көлігіне мінген бозбала мемлекеттік номерді алып тастап, жылдамдықты асырып, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Темір тұлпарының терезесін де тұмшалап тастаған. Полицейлер шектен шыққан жігітті көп ұзамай ұстады. Енді ол сот шешімімен алты ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылуы мүмкін.  

Есірткі пайдаланып, мотоцикл тізгіндеген

Павлодарда есірткі шегіп алып, мотоцикл айдаған жігіт сот шешімімен 20 күнге қамалды. Полицейлер 36 жастағы қала тұрғынының көлік жүргізуге құқығы жоқтығын анықтаған. Жүргізілген медициналық тексеру де оның есірткі қолданғанын дәлелдеген. Облыста биыл осыған ұқсас 521 факті тіркелген.   

Өскеменде көлік жанып кетті 

Өскеменде қаланың қақ ортасында жеңіл көлік жанып кетті. 1991 жылы шыққан BMW автомобилінің қозғалтқыш бөлігінің бөлшектері, салонның қаптамасы өртке оранған. Абырой болғанда, жүргізуші дін аман.