Қарағанды облысында апаттан қаза болғандардың отбасына көмек көрсетіледі

Дәл қазір біз Теміртаудағы орталық аурухананың алдында тұрмыз. Кешегі апаттан аман қалған жалғыз адамды бірден осында әкелген болатын.

Дәрігерлердің айтуынша, қазір оның жағдайы бірқалыпты. 28 жастағы жігіттің өміріне еш қауіп жоқ.

Ульяна Базарова, Теміртау қалалық Орталық ауруханасы директорының орынбасары:

- Шұғыл дәрігерлік көмек көрсеткеннің арқасында науқастың беті бері қарады. Қазір жағдайы орташа. Бірақ денсаулығы жақсарып келеді. Ес-түсін жоғалтқан жоқ. Гемодинамикасы тұрақты. Қан қысымы 110-да 80. Жүрек қағысы минутына 84. Науқастың денесінде көп жарақаттар бар. Ем-шара жүргізіліп жатыр.

Еске салсақ, кеше комбинаттағы цехтардың бірінде жұмысшылар

Ескі пешті бұзып жатқанда төбесі ортасына опырылып түскен. Үйінді астында қалған 5 адамның 4-уі сол жерде мерт болады. Қазір қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстарын бастап кетті. Оның барысын мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев тікелей өз бақылауына алған. Ал компания басшылығы ұжымдық келісім-шарт негізінде қаза болғандардың отбасыларына барлық көмектің көрсетілетінін мәлімдеді. Бірақ өкінішке қарай, жапа шеккендердің аты-жөндері әзірге бізге беймәлім. Ақпарат өте аз. Ресми тұлғалар қандай да бір мәлімет таратқан жоқ. Айта кету керек, өткен жылы осы компанияға қарасты кәсіпорындарда 45 адам зардап шегіп, 9 адам мерт болған екен. Әзірге мендегі бар ақпарат осы, сөз тізгіні өздеріңізде.