Қызылордалық полицейлер ірі есірткі алқабын анықтады

Жергілікті тұрғын Жалағаш ауданы Аққыр ауылының шығысындағы «Қызыл шұқыр» деп аталатын жер учаскесінде қалың шеңгел арасына сора өсімдігін ірі мөлшерде егіп, күтіп баптаған.

Жедел тергеу тобы 1149 түп сора өсімдігін анықтады. Күдіктіге тінту жүргізу барысында газет қиындысына оралған есірткі заты да табылды. Ер адам Жалағаш аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру әрекеттері жүргізілуде.

Ақтөбеде 1 млн теңгені қолды қылған күдікті ұсталды

Ақтөбе облысында 32 жастағы тұрғынды қорқытып, 1 млн теңгесін алып кеткен күдікті ұсталды. Полиция департаментінің мәліметінше, қылмыскер тұрғыннан тағы да 1 жарым млн теңге талап еткен. Жедел іздестіру барысында бұрын сотталған азамат ұсталған. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Петропавл қаласында заңсыз алкоголь ішімдігін өндірген адам ұсталды

Петропавл қаласында заңсыз алкоголь өнімдерін дайындаған тұрғын ұсталды. Ол өз гаражында ішімдікті жасап, сатқан. Цех қала орталығында орналасқан. Тінту барысында 8 мың дана өнім мен арнайы құрылғылар және алкоголь бар сұйықтығы бар 605 литрлік контейнерлер тәркіленді. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Атырауда жеке тұрғын үй өртенді

Атырауда жеке тұрғын үй жанып кетті. Зардап шеккендер жоқ. Қызыл жалын аумағы 55 шаршы метр болатын баспананы шарпыған. Үйдің алдыңғы бөлігі мен шатыры өртенген. Тілсіз жаумен күресуге өрт сөндіру қызметінің 14 қызметкері мен 5 техника жұмылдырылды.  

Ақтауда 7 жастағы бала теңізге түсіп кетті

Оқиға қала ішіндегі жағажайдың бірінде болды. Бала айлақтан екі қабатты катерге мініп жатқанда аяғы шалынып, суға құлап кетті. Оны сол жердегілер құтқарып алды.