Шиелі тұрғыны сексеуіл арасына есірткі еккен

Қызылорда облысында тәртіп сақшылары есірткі алқабын жойды. Шиелі ауданының 34 жастағы тұрғыны далада өсіп жатқан қалың сексеуіл арасына 1665 түп сора өсімдігін еккен. Тінту кезінде одан кептірілген марихуана табылды. Тәркіленген есірткінің жалпы көлемі 8 келіден асады. Қазір күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Ақмола облысында сабан өртенді 

Ақмола облысының Красный Яр ауылында сабан өртенді. Ашық алаңда әрқайсы 200 келі тартатын 50 тең шөп болған. Абырой болғанда, өрт сөндірушілер ширақ қимылдап, сабанның көп бөлігін сақтап қалды. Алдын ала жасалған болжам бойынша шөпке ойын балалары от қойған.

Семейде 37 жастағы азамат Ертіс өзеніне батып кетті

Семей қаласында 37 жастағы ер азамат Ертіс өзеніне батып кетті. Ол арнайы жабдықталмаған жерде суға түскен. Құтқарушылар мәйітті ұзақ іздеп, 11 сағатта әрең тапты. Су астында қалған адам жағалаудан 40 метр қашықтықта, 5 метр тереңдікте жатқан.

Екібастұзда көп қабатты үйден өрт шықты авлодар облысының Екібастұз қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде өрт шықты. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Өрт сөндірушілер қызыл жалынның құрсауында қалып қойған 4 адамды құтқарған, оның бірі жас бала. Қазір оттың неден тұтанғаны анықталып жатыр.

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында белгісіз біреулер гаражда тұрған автокөлікті ұрлап кеткен. Көлік қожайыны полицияға арызданып, шамамен 6 миллион теңге шығын келгенін хабарлайды. Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары күдікті азаматты ізін суытпай қолға түсірді. Ол 40 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.