Елордадағы көпқабатты үйлердің бірінің сыртқы қаптамасы опырылып түсті

Аулада тұрған жеңіл көлік қатты зақымданған. Зәре-құты қашқан тұрғындардан маза кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал қауіпті үйді кім, қашан жөндейді? Әріптесім Наргиз Бекмағанбетова тараптарды тыңдап қайтты. 

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

- Тұрғын үй кешенінің қазіргі жағдайы осы. Қатты желге төтеп бере алмаған құрылыс материалдары жерге құлап жатыр. Жақын маңайдағы көліктерді зақымдаған. Сондықтан бұл жерде мынадай арнайы бас киімсіз жүру өте қауіпті.

Алайда ойын баласын тоқтату мүмкін емес. Бүлдіршіндердің өміріне алаңдаған ата-аналар оларға арнайы бас киім кигізуге мәжбүр.

Рүстем Баекенов, қала тұрғыны:

- Машинаның есігін аша берген кезде. Кенеттен тарс-тұрс дыбыс естілді. Басымды бұрған кезде осы плитаны байқадым. Сол машинаның үстіне ғана емес, мен отырайын деп жатқан машинаға да түсті.

Тұрғын үй кешені осыдан 18 жыл бұрын салынған. Яғни ескі деп те айта алмайсыз. Алайда сапасы сын көтермейді. Мұнда алғаш болып  қоныс тойын тойлағандардың қуанышы көпке созылмапты. Үй қолданысқа берілгеннен бері тұрғындар шағымданумен келеді. Әкімдіктің табалдырығын талай рет тоздырған. Алайда бұдан түк шықпапты.

Қаир Тыныбекова, Мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:

- Кеше қатты жел болды. керамогранит машинаға түсті. кешегі плитка біреудің басына түссе ғой, сонда ОСИді түрмеге отырғыза ма? Әкімдік әр пәтерден 100 мың жина деп айтады. мүгедек баласы бар адамға үйдің сыртын жөндеймін деп қай бетіммен айтамын. 8 жыл бұрын үйдің сыртын жөндейді деп бюджеттен қаражат бөлінген еді. бірақ ешнәрсе жасамады.

Ал мына қатты зақымданған жеңіл көліктің иесі іздестіріліп жатыр. Оған келтірілген шығынды кім өтеп берері белгісіз. Тұрғындар темір тұлпар қалыпқа келер, ал абайсызда баланың үстіне кірпіш құлап кетсе, қайтер едік деп отыр. Әкімдік өкілдері пәтер иелерінің өздері жөндеуі қажет, - дейді.

Ілияс Омаров, Тұрғын үй инспекторы:

- Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілген. Тұрғындар бөліп төлеу арқылы немесе пайызсыз несие алып, үйді өздері жөндей алады. 2020 жылы осы «7 бочек» тұрғын үйіне барып, механизімді түсіндірдік. Жөндеу құны 100 млн теңге болды. Әр пәтер иесі ай сайын 15 мың теңге төлейді. Бұл бағдарлама бізде кеңінен таралған. Байқоңыр, Алматы аудандарының тұрғындары өздері жөндеп, қазір несиені өтеп жатыр.

Бірақ алмақтың да салмағы бар емес пе?! Екінің бірінің ай сайын 10-15 мың теңге несиені төлеуге қалтасы көтермейді. Тұрғындардың айтуынша, мұнда көбіне зейнеткерлер мен мүгедектігі бар жандар тұрады. Күрделі жөндеу жасалмаса, адам өміріне қауіпті. Сондықтан мүлік иелері бірлестігінің төрағасы мәселе шешілмей қала ма, деп алаңдайды.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Нұрғали Мамурбаев