Алаяқтар азаймай тұр

Алаяқтар азаймай тұр

Аңқау елді алдайтын әккілердің басты алаңы – хабарландыру сайттары, деп хабарлайды «Хабар 24».

Интернет-алаяқтар кез келген кейіпке еніп, ұсынушы да, тұтынушы да болып алдайды. Шұғыл қоныс аударуға байланысты сапалы жиһаздарын төмен бағамен жаппай сатылымға шығаратын сатушыларды жиі көреміз. Сондай сұрқиялардың біріне Жетісай қаласының тұрғыны Асан Мубинов 1 млн 800 мың теңге алдын ала жіберіп қойған. Енді жиһазы да, ақшасы да жоқ, жым-жылас.

Асан Мубинов, Жетісай қаласының тұрғыны:

- Асүй және төсек-орын гарнитурын, сондай-ақ тұрмыстық техникаға тапсырыс бердік. Ақшаны алдын ала бөліп аудардым. Сатушы өзге қалаға қоныс аударып бара жатырмын деп асықтырды. Көбіне әлеуметтік желі арқылы хабар алмасып тұрдық. Жүкті көлікке тиеген фотосуреттерді жіберді. Әр суретте көліктің мемлекеттік номері әр түрлі болғанын байқап, алданғанымды кеш түсіндім.

Қоғамда өзара сенімге негізделген қарым-қатынас азайып кетті. Арамызда жылы сөз бен қамқорлыққа зәру болып жүрген жандар көп.  Алаяқтардың құрбанына айналатындар да осылар,- дейді психолог Любовь Федорова. Айлакерлердің қулығына құрық бойламайды, тіпті, адам баласына сенуден қалған жандарды да жібітіп, құрығына түсіреді. 

Любовь Федорова, психолог:

- Біріншіден, алаяқ болашақ құрбанымен мәдени тұрғыда әңгімелеседі. Екіншіден, сапалы тауарды жарты бағасына ұсынады. Үйінде немесе жұмысында күйзелісте жүрген жанның жағымды дауыспен сауатты сөйлескен адамға алданып қалуы оп-оңай. Аузы күйгендер ғана әккінің арбауын сезе алады.

Елімізде жыл басынан бері алдау-арбау бойынша тіркелген 9 мың істің ішінде тек 1,5 мыңы ашылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18 процентке төмен. Былтыр алты айда алаяқтық бойынша 11 мыңдай қылмыс тіркеліп, 2 мыңы әшкереленген.

Жандос Сүйінбай, ҚР ІІМ КПД Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы:

- Интернетте жасалатын қылмыстардың өз ерекшелігі бар. Мысалы қылмыскерлер өздерінің іздерін жасыру үшін VPN арқылы басқа мемлекеттен кіргендей болады. Қылмыстың дәлелдері шетел мемлекеттерінде болуы мүмкін. Сондықтан біз халықаралық қарым-қатынасты шетелдің құқық қорғау органдарымен тығыз жұмыс өткіземіз.

Жылжымайтын мүлік сатып жатсаңыз, үйдің құжаттарын риелтормын деп таныстырған бейтаныс номерлерге жібермеңіз. Өйткені сіздің құжатыңызды пайдалану арқылы үйді жалға беремін деп, өзгелердің кепілақысын алып алуы мүмкін. Қаперіңізде болсын, адам аласы ішінде.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ақылбек Есімсейітов