Қаңтар оқиғасына қатысты жаңа деректер анықталды

Бұрынғы «ДВК», қазіргі «Көше партиясы». Елімізде тыйым салынған дәл осы экстремистік ұйымның жақтаушылары да «қаңтардағы қырғында» алаңнан табылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұны еліміздің бас прокуратура өкілдері мәлімдеп отыр. Алаңдағы шындықтың шыңына ұмтылған мұң-наласы мол қаракөздерді қалқан етіп, залым күштер зұлым әрекетін асырыпты. Ұйымның үш жақтаушысы Шымкентте сотталды.

Елдос Қилымжанов, ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары:

- Сол күндері жаппай тәртіпсіздіктерге Қазақстанда тыйым салынған «Көше» экстремистик ұйымының жақтаушылары белсенді қатысты. Шымкент қаласында сот үкімімен осы ұйымның 3 ұстанушылары 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жаппай тәртіпсіздіктерге қатысуға шақырумен шектелмей, өздері қиратулар мен мемлекеттік мүлікке зақым келтірумен ұштасқан қалалық әкімдік ғимаратына шабуыл жасады.

Сонымен қатар қанды күндері қолды болған 2 мыңнан астам қару күні бүгінге дейін табылмады. Олардың қай-қайсысы да ел тұрғындарына қауіп төндіретіні айтпаса да түсінікті. Жауаптылар ұрланған суық сайманды қайтаруды сұрайды. Өз еркімен әкеп берген жағдайда қылмыстық жауаупкершіліктен босатылмақ. Тек олардың әрекеттерінде өзге қылмыс анықталмауы керек. Одан бөлек, қым-қиғыш кезеңде бас пайдасын ойлап, қираған дүкендерді ашық тонағандар да табылды. Түрлі бағалы дүниелер ұрланды. Олардың нақты көлемі 343 млн теңгеге бағаланыпты. Қазір барлығы табылған.

Мұхтар Қожаев,  ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығының орынбасары:

- Қазіргі уақытта 589 күдіктіге қатысты 359 іс сотқа айыптау актісімен жолданды.  Олардың көпшілігі жаппай тәртіпсіздіктер барысында ұрлық жасағаны, қаруды ұрлағаны және заңсыз сақтағаны, көлік құралдарын заңсыз айдап кеткені, тонау және бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылуда.   

Бүгінгі күні 349 күдікті қамауда. Ал сотталғандардың саны – 545. Таразда қару-жарақ сақталған қойма табылса, Алматыда полицейлердің көлігін өртеп, құқық қорғау қызметкерлерін ұрған 3 адам сотталды. Ал Ақтөбеде әуежайды басып алуға қатысқан 3 адамға айыптау үкімі қабылданды. Тергеу әлі де жалғасуда. Қалың елдің талап-тілегі бір. Жазықсыз жанның жапа шекпеуі, расында алаңға шыққан қалың нөпір халықтың барлығы бірдей қылмыскер емес.

Авторы: Бекзат Аманов