Алматыда құрылыс краны құлап, жұмысшы опат болды

Алматыда құрылыс краны құлап, екі жұмысшыны басып қалды. Оның бірі 32 жастағы азамат сол жерде көз жұмды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қасында болған 27 жастағы жігіт аман. Дәрігерлер оның жарақаты жеңіл болғандықтан үйіне жіберген. Ол амбулаториялық ем алатын болады. Бұл екі жігіт құрылыс басында кранды бұзып жатқан екен. Қаза болған жұмысшы 20 метр биіктіктен құлаған. Оқиға кешкі сағат алты шамасында Жетісу шағын ауданында болған. Қазір оқиға орнында тиісті мекеме өкілдері жұмыс істеп жатыр. Жалпы мұндағы құрылыс жұмыстары 2007 жылдан бері тоқтап тұр. Әу баста 9 қабатты тұрғын үй салынуы тиіс еді.

Айта кетейік, осындай оқиға Алматыда жыл басында, яғни 23 қаңтар күні болған. Ол кезде де краншы ауыр жарақат алып, жедел жәрдем келгенше көз жұмған. Жалпы Алматыда барлығы 120 ға жуық құрылыс краны бар. Сол кезде қала әкімі соның барлығын тексеруге тапсырма берген болатын.