Павлодарда 30 келі есірткі тәркіленді

Жаз басынан бері павлодарлық полицейлер 40-тан астам есірткі қылмысын әшкереледі. Заңсыз айналымда жүрген 30 келіге жуық есірткі затын тәркіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның 4 келісі – синтетикалық. Бұдан бөлек екі рет ұйымдасқан қылмыстық топ құру әрекетіне жол берілмеген. Облыс орталығында арнайы операция жүргізіліп, есірткі таратуды кәсіп еткен әйел адам қолға түсті. Күдікті зиянды заттың әлеуметтік желілер мен жарнама арқылы тұтынушыға жетуін қадағалап отырған. Мұндай әрекетке барған Екібастұз тұрғыны да ұсталды.

Ирина Темірғалиева, облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бөлім басшысы:

- Шілде айында жүргізілген жедел іздестіру шарасы кезінде есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімі қызметкерлері Екібастұз қаласының 48 жастағы тұрғынын ұстады. Күдікті интернет арқылы синтетикалық есірткі таратқан.