Ер адам жеке үйге басып кіріп, мылтықпен қорқытқан

Ақмола облысында ер адам жергілікті тұрғынға мылтық кезеніп, қоқан-лоққы көрсеткен. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Бірақ оның не үшін бұлай жасағаны белгісіз. Ақпаратқа сенсек, Степногорск қаласында белгісіз ер адам түн жарымында көп қабатты үйдегі пәтерлердің біріне баса көктеп кіріп, үй иесін шолақ мылтықпен қорқытқан. Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер күдіктіні тауып, одан  ұсақ калибрлі тіркелмеген аңшы мылтықты тәркіледі. 50 жастағы азамат бұрын сотталған. Енді ол тағы да қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

ШҚО-да бір тәулікте бірнеше өрт болған 

Еліміздің шығысында бір тәулікте бірнеше өрт дерегі тіркелді. Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлады. Мәселен, Риддер қаласында жеке үйлердің бірі отқа оранған. Ол үйге тиесілі гараж бен монша баспанаға іргелес орналасқандықтан, оларды да қызыл жалын шарпыған. Құтқарушылардың сөзінше, үйдегі жиһаз, тұрмыстық техника, тұрғындардың жеке заттары бәрі жанып кеткен. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Ал, Ұлан ауданының Желдіөзек ауылында саяжай өртенді. Тілсіз жау шатырдан шыққан. Ал, оған пештің ақауы сеп болған. Жалпы жыл басынан бері аймақта жеке тұрғын үй алабында 300-ден астам өрт дерегі тіркелген. Оқыс оқиғалардың барлығына нысанды жылыту кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы сеп болған.

Жамбыл облысында жеңіл автокөліктен есірткі табылды

Қылмысты әшкерелеуге  полиция департаментінің қызметтік иті сеп болған. Құзырлы орган берген мәліметке сүйенсек, аймақ жолдарының бірінде ереже бұзған «Ауди» көлігі тоқтатылып, оны тінту барысында салмағы 77 граммнан асатын «марихуана» анықталған. Ал, күдікті 26 жастағы Байзақ ауданының тұрғыны. Ол өзінің кінәсін мойындап отыр. Қазір аталған іске қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Қарағандылық құтқарушылар тауда жарақат алған адамды эвакуациялады

Оның аяғы сынғанын 112 нөміріне әйелі хабарлаған. Бірақ, оған жету оңай болмапты. Көлікпен жолға шыққан құтқарушыларға, ер адамға жету үшін таудың біраз бөлігін жаяу жүруге тура келген. Себебі, ол, теңіз деңгейінен 150 м биіктікте болған. ТЖД қызметкерлері оны таудан аман-есен түсіріп, Қарқаралы аудандық ауруханасына жеткізді.

Ақмола облысында есепте тұрған адамдар тексерілді 

Ақмола облысында полицияның есебінде тұрған жандар тексерілді. Олар, бұрын істі болғандар мен әкімшілік қадағалаудағы адамдар. Іс-шараға жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері: учаскелік инспекторлар және патрульдік полиция батальоны қатысты. Рейд барысында олар, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 100-ден астам және 80-ге жуық әкімшілік бақылаудағы адамның баспаналарын аралады. Мақсат – профилактикалық есепте тұрған адамдардың мас күйінде жасайтын қылмыстарының алдын алу.