Қарағандыда 34 жастағы азамат ойын клубын тонап кетті

Ол ұтылып қалған соң ашуланып, ойыншық тапаншамен қызметкерлерді қорқытып, 4 миллион теңгені қолды қылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құмар ойынның құрығына іліккен жігіт клубқа тұрақты келіп тұрады екен. Сондықтан алысқа ұзаған жоқ. Тәртіп сақшылары қолға түсіріп, уақытша тергеу изоляторына қамады. Енді ол 7 жылға бас бостандығынан айырылып, дүние-мүлкі тәркіленуі мүмкін.

Бақытжан Құдияров, Қарағанды облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

– Күдікті сол мекемедегі ойын барысында қомақты қаржысынан ұтылып қалғанын, оның орнын толтыру мақсатында осындай іске барғаны туралы мойындады. Ол бұндай қылмысқа бару үшін ойыншық тапанша сатып алғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта ол тапанша тәркіленіп алынды. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы, яғни қарақшылық шабуыл бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.