Риддер қаласында жөндеу жұмыстарымен 200-ге жуық маман айналысып жатыр

Риддер қаласында жөндеу жұмыстарымен 200-ге жуық маман айналысып жатыр

Бүгін құрылғысы істен шыққан қазандық толық болмаса да, ішінара іске қосылуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жылу электр орталығының басшылығы осылай деп отыр.

Бүгін шаһарды жылумен қамтып отырған кәсіпорынның бірінші қазандығында апат болып, мекеме жұмысы тоқтауға жақын қалған еді. Сол себепті қалада техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Жылу электр орталығында осындай  жағдай аяқ асты болды деп айтуға ауыз бармайды. Өйткені кәсіпорынның тозығы жетіп тұрғаны жайлы талай рет айтылды, жазылды, көрсетілді. Тіпті жазда салалық министрлік келіп, жағдайды бағамдап та кетті. Бірақ өзгерген ештеңе болмады. Мәселенің ушыққаны сонша техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялауға тура келді.

Риддердегі жылу электр орталығының бүгінгі кейпі осы. Сыртынан қарап-ақ мекеменің тозығы жетіп тұрғанын бірден байқалады. Бүгін  кәсіпорында қарбалас. Облыс әкімнің қатысуымен бір емес бірнеше басқосу өтті. Апатқа орай жөндеу жұмыстары да басталыпты. Бірақ оның барлығын түсіру мүмкін болмады. Стратегиялық нысан әрі уақытымыз жоқ деген желеумен ішке бас сұққызбады. Істен шыққан 1-ші қазандықтың құрылғысы. Салдарынан орталықтан жылуды жеткізу температурасы тиісті 70 градустан екі есе төмендеп кеткен.

Дмитрий Горковой, Риддер қаласының әкімі:

- Қазір 2-қазандық істеп тұр. Жылу желісі қатып қалатындай қауіп жоқ. Пәтерлерге 15-22 градус мөлшерінде жылу жеткізілуде. Бұл туралы тұрғындар хабардар. Түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Бүгінгі күні әлеуметтік нысандарда  жағдай тұрақты. Мектеп оқушылары қашықтықтан оқып жатыр.

Әкім айтып тұрған 22  градус температураны пәтерлерден байқамадық. 22 мың абонент жылуға жарымай отыр. Солардың бірі  70 жастағы Раиса Лебедева. Зейнеткер коммуналдық мекеменің осындай халге душар болуына ондағы басшылықты кіналайды.

Раиса Лебедева, Риддер қаласының тұрғыны:

- Үй суық. Әйтуір батарея қатып қалмаса болды деп отырмыз. Тіпті бүгін ғана емес, соңғы екі үш апта бойы осылай қиналып келеміз.

Раиса әжей сияқты қалтырап отырған риддерліктер жетерлік. Айтуыларынша бұл   жылу беру мауысымы басталғалы бері болған екінші апат. Олар қазір осылай болса үскірік аяз келгенде жағдайымыз не болады деп алаңдаулы. Ал  жылу электр орталығының жаңа басшысы Аль-таир Сыздықов барлығын шұғыл түрде шешеміз дейді.

Аль-Таир Сыздықов, «Риддер ТЭЦ» АҚ президенті:

- Бүгін жөндеу жұмыстарының бір бөлігі аяқталса, ертең тұрғындар батареядағы жылудың  көбейгенін байқайтын болады. Ал толық қуатына шамамен   5-7 күннің ішінде қосылады деп тұрмыз. Бірақ одан да ерте аяқтауға бар күшімізді саламыз.

Риддер жылу электр орталығын қалпына келтіру үшін жасалған қам аз болмады. Соның бірі жазда 90 миллион теңге алдын ала жылу ақысының төлемі жасалды. Салалық министрлік келіп жөндеу барысын тексерді,тапсырмалар берді. Сондықтан қала халқының биылғы жылу маусымы апатсыз өтер деп үміттеніп қалғаны рас.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов