Жеке сот орындаушылары борышкерден өндірген қаржыны қалтасына басқан

Жеке сот орындаушылары борышкерден өндіріп алған қаржыны өз пайдасына жаратып жүрген.

Елдің Бас прокуратурасы мен жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы жүргізген тексеру нәтижесінде осындай 660 дерек анықталды. Сот шешімін жүйелі жүзеге асырады деп сенген мамандар 1,1 миллиард теңге қаржыны қалтаға басқан. Мәселен алматылық сот орындаушы борышкердің төлеген қаржысы есебінен өзінің депозитін толтырып, 2 миллион теңге алған. Ал қарағандылық жеті сот орындаушы 110 миллион теңгені жеке қажетіне жаратқан. Павлодарлық маман 3 жыл бойы екі баланың алимент қаражатын ұрлаған. Елордада жеке сот орындаушы, жоқ қарызды әдейі анықтап, сот үкімімен мемлекеттің пайдасына тәркіленуге жататын 289 млн теңгені жеке тұлғаның банктік шотынан шешіп алған. Ақшаны ұрлау немесе өз пайдасына жарату деректері бойынша сотқа дейінгі 16 тергеу басталды. жеті жеке сот орындаушының лицензиясы алынды. 55 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды.