Жамбыл облысында 500-ге жуық тұрғынның жеке басын растайтын құжаты жоқ

Одан өзге 100-ден аса азамат Кеңестік кезеңнің қызыл төлқұжатымен жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жайында облыстық адвокаттар алқасы мәлімдеді. Заңгерлердің сөзінше, азаматтық ала алмағандардың қатарында көп балалы аналар да бар.

Розалия Исабаева 1995 жылы Тәжікстандағы азаматтық соғыстан, босқын ретінде  Өзбекстанға қашады. Небәрі 18 жасында шекара асқан келіншек, 2008 жылы ата қонысы Қазақстанға келді. Бірақ содан бері 14 жыл өтсе де, жеке басты куәландыратын құжатты ала-алмаған. Салдарынан көп балалы ана әлеуметтік төлемнің ешқайсысына қолы жетпеген.

Розалия Исабаева, қала тұрғыны:

- Үкіметтен ешқандай көмек көріп отырғаным жоқ. Күміс алқа алуым керек еді. Оны да ала алмай жүрмін. Жеңілдік деген жоқ. Сол бала-шағаммен қиналып жүрмін қазір. Алқапқа шығамын. Қызынақ терем, қияр терем сөйтіп күндік ақша істеймін.

Ал, Николай Васильев әлі күнге Кеңес үкіметінің қызыл паспортымен жүр. 69 жастағы қария азаматтық алмақ түгілі, бүгінде көшеге шығуға қорқады. Соңғы рет жарты жыл бұрын құжат алуға өтініш берген. Бірақ ешқандай хабар жоқ. Жеке заңгер Бақыт Абдуллаев құжатсыз жүргендерге жәрдемдеседі. Ол осы уақытқа дейін 249 тұрғынға қолғабыс еткен. Ал, құжатты тездетіп беруге Ішкі істер министрлігінің  қаулысы қолбайлау болатынын айтады. Сол себепті өңірде 600 ге жуық тұрғын азаматтық ала алмай жүр, - деген пікірде.

Бақыт Абдуллаев, заңгер:

- Бұйрық бар 607 деген. Ол ІІМ-нің бұйрығы. Азаматтығын дәлелдеу керек деген. Қалай оның құжаты жоқ, ол қалай дәлелдейді? Мен соны түсіндіре алмаймын.  Құжаты жоқ қой. Қалай барады ол ХҚКО-ға кірсе де құжаты жоқ, Әкімшілікке кірсе де құжаты жоқ. Сізге келсе де құжаты жоқ. Сіз оны білмейсіз кім тұрғанын алдыңызда.

Аймақтағы көші-қон қызметінің өкілдері, қаулыны өзгертуге қауқарлы емеспіз, - деп қысқа қайырды.  Тек бекітілген құжаттама негізінде жұмыс істейді. Сондықтан ба, соңғы екі жылда қызыл паспортпен жүрген 53 адам ғана құжаттандырылған. Жауапты басқарма, статистиканың аздығы азаматтардың заң білмеуінен, - дейді. 

Еркебұлан Ибрагим, облыстық ПД Көші-қон қызметі басқармасының бас маманы:

- Олар біздің тарапымызға, бізге арыздануға ҚР азаматтығын алуға, қайырылуға қорқады. Себебі оларды ҚР аумағынан әкімшілік жолмен шығарып жібереді деп қорқады. Олар өздерінің құқықтарын білмеген себепті бізге келмейді көбісі. Мынау делдал дейді ғой екі ортада жүретін. Сондай кісілерге қайырылады. Ешқандай мәртебесі жоқ кісілерге барады. Құжаттарын сеніп тапсырады. Ол кісілер жоғалтады. Содан кейін осындай арыз-шағым пайда болады.

Облыстағы Көші-қон басқармасы жыл басынан бері 1253 адам азаматтық алуға өтініш берсе, оның 951-і мақұлданған. Қалғаны арнайы мекемелерде тексерісте. Құжаттандырылғандардың 90 пайызы қандастар. Ал, бізге шағымданған кейіпкерлердің мәселесін басқарма басшылығы майшаммен қарайтын болды.

Айта кетерлігі, құжат алу процесі 3 айды қажет ететінін ұмытпаған жөн.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә