Қостанайда жылу құбыры жарылды
Қостанайда ертең Әуежай шағын ауданындағы 30 көп қабатты үй жылудан ажыратылады.
Оған магистральді жылу желісіндегі апат себеп болды. Диаметрі 426 миллиметрлік құбырдың жарылған жерін кешкі сағат сегізге дейін жөндеп боламыз деп отыр. Бастапқы болжам бойынша жылу желісінің жарылуына жер асты суының жақындығы себеп. Металл құбырлар ылғалдан тез тотығып, бұзылады дейді мамандар. Бұл жылу магистралі сегіз жыл бұрын ғана салынған. Ескі деуге келмейді, бірақ жарылуы жиі. Екі апта бұрын ғана осы тұста апат болып, шағын аудандағы екі мыңнан астам пәтер күні бойына жылусыз қалған еді. Сол жағдай ертең тағы қайталанғалы отыр.
Данияр Сәбитов, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Бұл жылу магистралін жаңартуды жоспарлап отырмыз. Жобасы жасалды, ол мемлекеттік сараптамадан өтті. Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік тапсырыс берілді. Қаңтар айында республикалық бюджетті анықтау барысында қаржы бөлінеді деген ойдамыз. Сосын байқау өткізіп, келесі жылу беру маусымына дейін жүзеге асырамыз.