Ақтауда адасып қалған бірқазан құтқарылды
Ақтауда адасып қалған бірқазан табиғи мекеніне жіберілді.
Приморский елді мекенінде жер үйдің ауласында жүрген жыл құсын тұрғындар видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге таратқан болатын. Іле-шала мекенжайға мамандар барып, үй иесінің рұқсатымен аулаға кіріп бірқазанды ұстайды. Денесінде жарақат жоғына көз жеткізген соң, ерекше қорғалатын Қаракөл жасанды су қоймасына жеткізген. Қазіргі уақытта көлдің аумағында 8 мыңдай аққу мен 100-ге жуық қоқиқаз бар. Айта кетсек, бірқазан Қазақстанның қызыл кітабына енгізілген құс.
Сансызбай Мұңалбаев, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:
- Ешқандай жарақаты жоқ. Қанаттарын қарадық, көлге апарып жібергенде бірден жүзіп кетті. Жалпы жыл бойына мұндай құстардың ұша алмай қалуы көп кездесіп тұрады. Бірқазан құсы мына Қорғалжың қорығында, Алакөлде жұмыртқалайды. Жылы жақтан ұшқан кезде әлсіз құстар кез-келген жерге қонып қалады.