Түркияда Қазақстанның төрт азаматы хабар-ошарсыз кетті
Түркияда жойқын зілзала кезінде төрт қазақстандық хабар-ошарсыз кетті.
Апат болған тұста үшеуі Хатай аймағында, тағы біреуі Адана қаласында болған. Бұл туралы Түркияның Қазақстандағы елшісі Уфук Екиджи хабарлады.
"Қазіргі таңда зардап шеккен не опат болған қазақстандықтар туралы нақты мәлімет жоқ", - дейді елші. Оның айтуынша, Анадолы елін қолдау мақсатында Қазақстан халқы 40 млн теңге жылу жинап үлгерген. Демеу қаржы түрік тарабы ашқан есеп-шотқа аударылды. Қазір Түркияда төртінші дәрежелі дабыл жарияланды. Бұл түрік елінің халықаралық көмекке зәру екенін білдіреді. Әлемнің 75 мемлекеті қол ұшын созбақ ниетте. Оның 36-сы апат аймағындағы іздеу-құтқаруға атсалысуға жасақтарын жіберді.
Уфук Экиджи, Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазақстандық бауырларымыздың дереу көмек қолын созамыз дегені қуантты. Қазақстанның Президенті мен барлық мемлекеттік органдарға, және Қазақстан халқына бізді қолдап, демегені үшін айтар алғысымыз шексіз.