Күшті дауылдан Қызылорда облысында нысандар бүлінді
Қызылорда облысында қатты желдің әсерінен бірқатар нысанның шатыры қирады.
Атап айтқанда, "Қазалы Теміржолжылу" мекемесі ғимаратының мұржасы құлады. Адам шығыны мен зардап шеккендер жоқ. Арнайы техникалар жұмылдырылып, жылуды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлады жергілікті әкімдік. Сондай-ақ Қызылорда қаласында да бірнеше көп қабатты үйдің шатыры жерге түсті. Ал Шиелі ауданы Еңбекші ауылдық округіндегі нөмірі 84 мектептің, медициналық пункттің, учаскелік полиция ғимаратының шатыры ұшқан. Сонымен қатар Иіркөл ауылдық округіндегі мәдениет үйінің де төбе жабындысы зақымданып, Бәйтерек ауылдық округіндегі мәдениет үйінің әйнек қабырғасының бір бөлігі сынған. Мұнан бөлек бірқатар кәсіпкерлік нысандар мен жеке тұрғын үйлердің де сыртқы келбеті желдің әсерінен бүлінді. Аудандағы ахуалды атқарушы органдар бақылауға алып, аталған аумақтарда зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Қауіпсіздік мақсатында бірқатар жерде электр жарығы ажыратылды.