Шымкентте жүргізушісі тастап кеткен автобус 4 адамды қағып өлтірді
Шымкентте қоғамдық автобустың қатысуымен ірі жол апаты болды.
Салдарынан екі әйел мен жасөспірім оқиға орнында және кәмелетке толмаған қыз жансақтау бөлімінде көз жұмды. Тағы екі адам ауруханада жатыр. Куәгерлердің айтуынша көлікте жүргізуші болмаған. Жүргізуші белгісіз себептермен Бәйтереков көшесінің жиегіне тоқтап, автобусты сонда қалдырып кеткен көрінеді. Кенет көлік тізгінінен ақау шығып, төменгі бағытқа өздігенен қозғалған. Жоғары жылдамдықпен жолдың қарсы бағытына шыққан автобус жаяу жүргіншілерді қағып өтті. Апат кеше кешкі сағат жетілер шамасында болған. Полицейлер қайғылы жағдайға қатысты тексеру амалдарын жүргізіп жатыр. Жүргізушінің жеке басы анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Автобусқа техникалық сараптама тағайындалды.