Абай облысында қарағайлы орман өртеніп жатыр

Құтқарушылар кешеден бері қызыл жалынмен арпалысып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдын-ала болжам бойынша, Бородулиха ауданындағы 2 мың гектарға жуық алқап отқа оранған.

Азамат Қасым, тілші:

- «Семей орманы» табиғи резерватындағы өртті сөндіру әлі жалғасып жатыр. Міне, Астана мен Өскеменнен 2 тікұшақ көмекке келді. Қазір өртті сөндіру жұмысын жүргізіп жатыр.

Алапат өртті сөндіруге 300-ден астам адам мен 100-ге жуық техника тартылған.

Димитрий Гариков, Абай облысы әкімінің орынбасары:

- Үдей соққан жел жағдайды ушықтырып тұр. Өрттің негізгі ошағы Ресейдің Алтай өлкесі жағында. Сол тұсқа өртке қарсы вагонды қойдық. Арнайы құрылған жедел штаб жағдайды бақылауда ұстап отыр.

Азамат Қасым, тілші:

- Жедел штаб осыдан 1 сағат бұрын анау орманның ішінде жұмыс істесе, қазір тура күре жолдың бойында жұмыс істеп жатыр. Өйткені, көріп тұрғандарыңыздай, өрттің беті қатты. Сондықтан осылай жиі-жиі орын ауыстыруға мәжбүр.

Әзірге Бородулиха ауданының ауылдарына қауіп төніп тұрған жоқ. Полиция қызметкерлері тұрғындарға түсіндірме жұмысын жүргізіп жатыр.

Мақсат Елемесов, Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы Абай облыстық филиалының жетекшісі:

- Қазір бар күш-жігерімізді 103 квартал аумағындағы өртті сөндіруге жұмсап жатырмыз. Әзірге техника мен адам күші жеткілікті.

Облыстық Төтенше жағдай департаменті мамандарының айтуынша, өрттің 3 ошағының екеуі сөндірілген.

Айта кетейік, Ресейдің Алтай өлкесінде тұтанған қызыл жалын кеше Бородулиха аумағына өткен болатын.

Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы.