Қызылордада арзан сатылуы тиіс көкөніс шіріп кетті
Қызылорданың тұрақтандыру қорындағы 126 тонна көкөніс өнімдері шіріп кетті.
Жарамсыз жүздеген қап картоп, пияз, сәбізді қоқыс алаңына тастаған видеосы әлеуметтік желіде көпшіліктің наразылығын тудырды. Қымбатшылық қысып тұрған шақта азық-түлік құнын тұрақтандыруға арналған тауарларды сақтап, тұрғындарға нарықтан арзанға сатылуына жауапты «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басшысы қызметінен қуылды. Тиісті бақылау жүргізбеген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына да қатаң сөгіс берілді. Биыл 900 миллион теңгеге 3 жарым мың тоннадай ауыл шаруашылығы өнімдері алынған. Тұрақтандыру қорына кешенді тексеріс жүргізу үшін арнайы комиссия құрылды.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Азық-түлік те нан сияқты ғой, киесі болады. Таппай қиналып жүр соны кейбір кісілер. Сіздер оны бүлдіріп, апарып полигонға тастайсыздар. Елге түсіндірудің ретін таппай отырмын қазіргі сіздердің жасағандарыңыздың ешқандай реті жоқ. «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына байланысты Самат Рахметолла, сіз ренжімеңіз, алдында да тұрақтандыру қорында кемшіліктер болды. Өкінішке орай, сенімді ақтамадыңыз, сондықтан қызметтен босатыласыз.