Ревизор Сарыағаштағы мектепті тексеру кезінде пара алу күдігіне ілікті

Түркістан облысында мемлекеттік ревизор Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде аудиторлық тексерістің оң қорытындысы үшін 26 млн теңге пара алды деген күдікке ілінді.

Облыстық тексеру комиссиясының бас инспекторы бүгінде уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал Алматы облысында тексеру комиссиясының басшысы Қарасай аудандық білім бөлімінің есепшісінен 1 млн теңге пара алған. Оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Алматы облысында аудиторлық тексерістен оң қорытынды шығару үшін жасалған тағы бір жемқорлық әрекеті анықталды. Талдықорған қаласындағы мектепте тексеріс жүргізген аудитор оң қорытынды шығару үшін 500 мың теңге пара алған. Кінәлі сотқа тартылды.

Арман Тілеукенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі

- Антикоррупциялық қызмет білім саласындағы ірі жымқыруларды тергеуді жалғастыруда. Қылмыстар мемлекеттік аудиторлардың жасыруымен жасалғаны қылмытсық істердің материалдарымен расталды. Мәселен, Жетісу облысында бюджет қаражаты «өлі жандардың» шоттарына ақша аудару және мектеп қызметкерлерінің жалақысын асыра есептеп, кейіннен оларды қолма-қол ақшаға айналдыру мен иемдену арқылы ұрланған.