Павлодар облысында 2,5 млн долларлық есірткі партиясы тәркіленді
Павлодар облысында құны 2,5 млн доллардан асатын есірткі партиясы тәркіленді.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Павлодар - Омбы бағытындағы тас жолда жүк көлігін тізгіндеген 54 жастағы Қырғызстан азаматы ұсталды. Жүргізуші Қырғызстаннан Ресейге қарбыз жеткіземін деген желеумен есірткінің ірі партиясын жүк көлігінің тіркемесіне жасырған. Тіркемеде 59 келі героин және 10 келі гашиш салынған орамалар анықталды. Сотқа дейінгі тергеу басталды. Мүлкін тәркілеумен қатар, қылмысты ұйымдастырушы 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.