Қызылордада банкті тонаған кассир ұсталды
600 млн теңгеден асқан қаржы жымқырды деген күдікпен қызылордалық азамат ұсталды.
Бұл адам өзі жұмыс істеген банкті тонап келген, ал ұрланған қаржыны ойынға салған. Қаржылық мониторинг агентігінің хабарлауынша, контролер-кассир шамамен 1 миллион теңгеден 4 миллион теңгеге дейін ақшаны бөлшектеп, кассадан алып отырған. Бейнебақылау камераларында күдікті 3,5 жыл бойы кассадан халаттың жеңіне оралған ақшаларды қолды қылғаны анықталды. Ол өзінің қылмысын толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Әлібек Әбділов, ҚР ҚМА ресми өкілі:
- Банк қоймасындағы қаражатты тексеру барысында 602 900 000 теңге жетіспейтіндігі анықталған. Сотқа дейінгі тергеп тексеру барысында букмекерлік кеңседен оның атына тіркелген шотынан ақпарат алынып, соңғы 3,5 жылда есеп-шотқа 158 млн теңге түскені анықталды. Сонымен қатар оның атына және жұбайының атына тіркелген абоненттік номерлерден букмекерлік кеңселердің есеп-шотына ақша аудару бойынша операциялар жүргізілгені туралы ақпарат келіп түсті.