Түркиядағы жол апатынан отандасымыз қайтыс болды

Түркияның Анталья қаласындағы жол апатынан кейін операция жасалған Қазақстан азаматы қайтыс болды.

Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігі мәлім етті. Ол бүгін таңертең көз жұмған. Қазір марқұмның ұлы Антальяға барды. Оған қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Айта кетейік, автобуста барлығы 12 отандасымыз болған. Тағы бір қазақстандық ауруханада жатыр. Қалғаны дін-аман, өмірлеріне қауіп жоқ.

Айта кетейік, кеше Түркияның Алания қаласында қазақстандық туристер мінген автобус апатқа ұшыраған болатын. Автобус жүргізушісі мен оның жанында отырған гид қайтыс болды. Шағын автобус қазақстандық туристерді әуежайға апара жатқанда жүк көлігіне соғылған. Істің мән-жайы анықталып жатыр.

Ерлан Жетібаев, ҚР СІМ Коммуникациялар департаменті директорының орынбасары:

- Түрік полициясының алдын ала мәліметі бойынша автобус жүргізушісі жоғары жылдамдықта жүк көлігіне соқтығысқан. Консул, қайтыс болған отандасымыздың туысқандарымен тұрақты байланыста. Барлық қажетті көмек көрсетілуде. Қалған 10 отандасымыздың, оның ішінде 4 баланың жағдайы қанағаттанарлық, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Барлығында медицианалық сақтандыру бар.