Қарағанды облысында телефон алаяқтарына жәрдем берген курьер ұсталды
Осыдан үш күн бұрын полицияға Теміртау қаласының 75 жастағы тұрғынынан арыз түседі.
Оның сөзінше, белгісіз ер адам қоңырау шалып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған. Сөйтіп, жәбірленушінің қызы жол-көлік оқиғасына себепкер болғанын айтады. Тіпті кінәсі дәлелденгенін, енді жауапкершіліктен құтылу үшін дереу ақша беру керегін ескертті. Абдырап қалған әйел бұл талаппен келісті. Ал алаяқтар оларға курьер жіберген. Ол 19 жастағы Тараз қаласының тұрғыны болып шықты. Күдікті Астанадағы банкоматтардың бірінен 17 мың еуро және 115 мың теңге көлемінде ақша салып жатып, ұсталды. Қазіргі уақытта полицейлер оның өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Жалпы облыста аталған оқиғаға ұқсас 80-нен астам арыз тіркелген. Жүргізілген кешенді жұмыстар барысында 27 күдікті ұсталды.