Түркістанда суға кеткен тағы бір адамның мүрдесі табылды

Түркістан облысы Отырар ауданында құтқарушылар суға кеткен тағы бір тұрғынның денесін тапты.

Екі адамды әлі іздестіріп жатыр. Қайғылы жағдай кеше кешкісін Сырдария өзенінің жағалауында болды. Ызакөл елдімекенінде тұратын ағайынды төрт отбасының 20 адамы өзенге шомылуға келген. Алайда 5 ересек және 6 жасөспірім суға кетті. Мамандардың айтуынша олар шомылуға тыйым салынған жерге барған. Қазір оқиға орнында 144 адам, 16 техника, 11 сүңгуір, және 2 дрон іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Құтқарушылардың айтуынша, өзеннің ағысы қатты болмаса да, түбі лай, әрі терең.

Нұрғали Жүнісов, облыстық ТЖД басшысы:

- Іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Мүрделердің өзен жағасында өсіп тұрған ағаш бұтақтарына ілініп қалуы мүмкіндігін ескеріп, 11 сүңіру ағаштардың астын іздеп жатыр. Кешегі күннен бері жаяу жүргіншілер 7 шақырымнан астам жағалауды зерделеу жұмысын жүргізді. Сүңгірулер су астында 1 мыңнан астам шаршы метрді сүзіп шықты.