Астанада өнеркәсіптік альпинистер өліміне қатысты күдікті қамалды
Астанада өнеркәсіптік альпинистердің биіктіктен құлап өлгеніне қатысты күдікті қамауға алынды.
Бұл жөнінде елорда прокуратурасы мәлімдеді. Биыл 12 қазанда Астана қаласында төрт өнеркәсіптік альпинист биіктіктен құлап, оның үшеуі қайтыс болған еді. Полиция департаменті болған оқиғаға қатысты қалмыстық кодекстің «Абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру жүргізіп жатыр. Тергеу барысында жұмыс беруші – жеке кәсіпкерлік басшысының қатысы бар екендігі туралы дәлелдер жиналды. Қала прокуратурасының тапсырмасы бойынша тергеу органы күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды. Құқық бұзушылыққа қатысы бар өзге де адамдарды анықтау бойынша жұмыстар әлі жалғасып жатыр.