Павлодар облысында жоғалған қыздың сүйегі табылды

Жоғалған 7 жастағы қыздың, өкінішіке орай сүйегі табылды.

Бұл жөнінде Павлодар облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді. Кішкентай Милана Давыдованы жұрт 3 күннен бері жаппай жұмылып іздеген еді. Ал баланың жоғалғаны жөнінде хабар құзырлы органдарға 17 қарашада түскен. Мамандар із кесуге 400 адам мен 72 техника жұмылдырған. Кішкентай қыз Павлодар облысының Бесқауға ауылы маңында жоғалып кеткен еді.

Болат Нұрсейітов, Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары:

- Кәмелетке толмаған баланы өлтірді деген күдікпен қыздың анасы мен оның танысы ұсталды. Құрықталғандар жасаған қылмыстарын мойындады. Қазір кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.