Алматыда қар көшкіні жүрді
Алматыда демалыс орындарының бірін қар көшкіні басып қалды, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір тау жаққа баратын жол жабық. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген. Курорт әкімшілігі 112 шұғыл нөмірінен көшкін жүру қаупі туралы хабарлама түскенннен кейін демалушылар мен қызметкерлерді түгел үйлеріне қайтарған. Мамандардың айтуынша, көшкін жүру қаупі әлі де сақталып отыр.
Осыдан 5-6 күн бұрын мұнда балалар тынығып жатқан. Бұл демалыс орнында дамуында ауытқуы бар балаларға арналған оңалту бағдарламасы бар. Оны жергілікті әкімдікпен бірлесіп өткізетін.
Бұл жолы қар көшкіні қаупі туралы хабарлама түскеннен кейін оны үзуге тура келді. Осыдан екі күн бұрын ғана ол жерден балаларды алып кеткен.
Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:
- Бұл – Іле Алатауы шатқалындағы демалыс орындарының бірі. Тау туризмімен айналысады. Иесінің айтуынша, қар көшкіні кеше таңғы сағат 8:30 шамасында болған. Жоғары жақта орналасқан қонақүйде ешкім болмаған. Қар көшкіні жолындағы балалардың ойын алаңын, киіз үйлерді және халық тынығып отыратын орындарды алып кеткен.
Қар көшкіні Букреев шыңы жақтан түскен. Курорт басшылығы мұндай көшкінді бұрын-соңды көрмегендерін айтады. «Десе де қауіптің алдын алуға болар еді. Дер кезінде жарылыс жасаса, мұндай жағдайға жеткізбес еді», – дейді мамандар.
Артур Утепов, компанияның атқарушы директоры:
- Біздің тараптан барлық қауіпсіздік шараларын қолға алдық. Балаларды қайтарып алдық. Қонақүйді, жалпы лагерьді жауып тастадық. Хабарламада дәл қай жерде қар көшкіні болатынын айтпайды ғой. Десе де біз бәріне дайын болдық. Былтыр аздап қана түскен. Дәл бұлай болады деп ойламадық. Неге жармады? Соған таңмын. Енді шығынді кім өтейді – білмейміз.
Бұған «Қазселденқорғау» мекемесі қызметкерлерінің мәліметінше, түскен қар көшкінінің көлемі 400 мың текше метрден асады. Қазір ол жаққа бару мүмкін емес. Жағдайды дрон арқылы бақылаумен шектелген.
Мұхамед Әбділдаев, «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы:
- Қотырбұлақ бассейнінен қар көшкіні туралы ақпарат түсті бізге. Не себептен жарылмады бұл жақ? Бірінші себебі – жарылмау себебі. Ол деген біз баратын жерлер, шығатын жер өте қиын болып табылады. Сол себептен жару жұмыстары жүргізу қиын. Қар ұстау «щиты» бюджетке өте қымбат болып табылады. Біз негізі айтып жатырмыз.
Тауда қар көшкіні жүру қаупі әлі де сақталып отыр. Қардың ерімей, жылдам түсуіне екі күн бойы тоқтаусыз жауған жаңбыр да әсер еткен. Ал қонақүй кешеніне баратын жолдың қашан ашылатыны белгісіз. «Ауа райы тұрақталғаннан кейін ғана қолға алынады», – дейді осы іске жауаптылар. Демалыс орны сол кезде ғана шығын көлемін есептей алады.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев.