Шет ауданында төтенше жағдай жарияланды

Қарағанды облысының Шет ауданында жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды 24KZ.

Ауданда 3 елді мекенді су басты. Құтқарушылар 292 адамды қауіпсіз жерге шығарды. Жартысына жуығы – балалар. Шерубай-Нұра өзенінде су көтеріліп, Қайрақты ауылында 9 үйге су кірді. 67 тұрғын уақытша Ақсу-Аюлы ауылындағы туыстарына орналастырылды. Қазір өзен арнасына құм толтырылған қаптар қойылып, бөгет орнатылып жатыр. Ал Ақсу ауылында 24 үйді су басып, 120-ға жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Деріпсал ауылында да бірнеше баспанаға қарғын су кірген.

Жалпы өңірдегі ахуал бақылауда, Төтенше жағдайлар департаментіндегі су тасқынына қарсы штабы тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Өңірдегі гидротехникалық нысандарда, су қоймаларында жағдай қалыпты.

Мұхит Мұхтаров, Шет ауданының әкімі:

- Облыс орталығынан да күш құралдары жұмылдырылып, соның салдарынан осы ауданда орын алған ТЖ залалын азайтты деуге толық негіз бар. Бүгінгі күні арнайы комиссия құрылды. Үйлерге келген шығын есептеліп, соның негізінде әрқайсысына тиісті көмек көрсетіледі.