БҚО-да тұрғындарға көмектесуге барған құтқарушыны пышақтаған
Батыс Қазақстан облысында тасқынның беті қайтар емес.
Құтқарушылар ауыл-аймақты аман алып қалам деп, ағын сумен арпалысып жүр. Алайда осындай қысылтаяң уақытта Казталов ауданы Жалпақтал ауылының тұрғыны құтқарушыға қастандық жасаған. 31 жастағы ер адам өзен жағасын биіктетіп жатқан төтенше жағдай қызметкерлеріне масаң күйде келіп, арғы бетке қайықпен өткізуді сұрайды. Ойындағысы орындалмаған соң ол 26 жастағы құтқарушының кеудесіне екі рет пышақ сұққан. Қазір Жалпақтал өрт сөндіру бөлімінің 26 жастағы бөлімше командирі аудандық ауруханада ем алуда. «Жағдайы орташа, тұрақты», - дейді дәрігерлер.
Жанболат Жаншин, БҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары:
- Судың арғы бетіне өтуге рұқсат сұрайды. Бірақ мынадай жұмыстар жүріп жатқаннан кейін судың көтерілуіне байланысты төтенше жағдай қызметкері ол кісіге рұқсат бермейді. Сол кезде сөзге шиеленісіп, сол ауыл тұрғыны біздің қызметкерге қол жұмсайды. Осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі таңда құқық бұзушы ұсталып, тергеу изоляторына қамалды.