Атырау облысында 10 тоннадан астам балық заңсыз ауланды

Жайық-Каспий су айдындарында 64 браконьерлік қылмыс тіркелді.

Сирек кездесетін немесе тыйым салынған балықты аулағандар 17 миллион теңгеге дейін айыппұл арқалауы мүмкін. Атырау облысында «Бекіре» кең ауқымды балық қорғау акциясы өтіп жатыр. Осыған байланысты облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, табиғат қорғау және шекара қызметінің мамандары су айдындарында күнделікті рейдке шығып жүр. Су маржандарын қорғауға бағытталған шара мамыр айының соңына дейін жалғасады.

Рүстем Қорқытов, Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының баспасөз хатшысы:

- 10 тоннадан астам заңсыз ауланған балық тәркіленді. Оның шамамен екі тоннасы бекіре балығы. Сонымен қатар 143 ау құралы мен 37 су көлігі тәркіленді.