Ақтөбедегі атыс: 18 жастағы жігіт қаза тапты

Ақтөбеде пышақ және оқ жарақатынан 9 адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды 24KZ.

Болған оқиға салдарынан 18 жастағы жігіт реанимация бөлімшесінде қаза тапты. Қазір осы іске байланысты тергеу жүріп жатыр. Полиция қызметкерлерінің хабарлауынша, қала аумағындағы тұрғын үй алаңдарының бірінде жігіттер арасында төбелес болған. Соңында жарақат алғандар көпсалалы облыстық ауруханаға жеткізілген. Осы қылмысты жасады деген күдікпен 4 адам ұсталды. 

Жасулан Ұрымбаев, облыстық көпсалалы ауруханасының дәрігері:

- 8 адам қазір тұрақты, бөлімшеде ем алып жатыр. Жарақат екі аяқтарынан. Қызметкерлер бәрі, милиция жүр. Күзетіп отыр. Әрі қарай жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ерболат Сарқұлов, облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Адам өлтіру және бұзақылық деректері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қылмыстық істі тергеу барысы Ақтөбе облысы Полиция департаменті бастығының жеке бақылауында.