Оралдағы әк зауытында жұмысшы қаза тапты

Оралда өндіріс барысында жұмысшы қаза тапты, деп хабарлайды 24KZ.

Жазатайым оқиға Батыс Қазақстан Құрылыс материалдарының корпорациясына қарасты әк зауытында болды. Кәсіпорында тасымалдаушы болып істеген 51 жастағы қызметкерді автоматты қондырғы басып қалған. Ауыр жарақаттан жұмысшы сол жерде көз жұмды. Қазір жағдайдың жай-жапсарын арнайы комиссия анықтап жатыр. Бұл – жыл басынан бері облыста өндірісте болған үшінші қайғылы оқиға.

Аслан Лұқпанов, БҚО еңбек инспекциясы бойынша басқармасының бөлім басшысы:

- Осы жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру үшін комиссия құрылды біздің басқармамен. Комиссия өз жұмысын жүргізіп, нақты фактісін шығарады. Еңбек қауіпсіздігін ережелерін бұзу бойынша өліммен аяқталған жағдайда ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, бостандықтан айыруға дейін.