Маусым айында 27 адамның ажалы судан келді
Жыл басынан бері 45 адам суға батып кеткен.
Маусым айының өзінде 27 адамның ажалы судан келді. Қайғылы оқиғаның көбі судағы қауіпсіздікті сақтамағаннан болған. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Үкімет отырысында мәлімдеді. Ведомство басшысы елдегі су айдындарында 42 құтқару бекеті орнатылғанын айтты. Келер жылы Шалқар, Имантау көлдерінің бойында және Қосшы қаласында 3 модульдік станцияның құрылысы аяқталады. Алайда ірі су қоймаларында 15 станция жеткіліксіз.
Сонымен қатар жазда қайық және құтқару құралдарымен жабдықталған мобильді посттар қойылады. Құтқару бөлімшелерін жабдықтауға қатысты проблемалар көп. Қолда бар қайықтардың көбі жарамсыз күйде. Қазір министрлік заманауи катерлер, жүзу құралдарын және дрондар сатып алып жатыр.