Шымкенттегі дендросаябақ басшылығы күдікке ілінді

Шымкенттегі дендросаябақтың бірқатар лауазымды қызметкері «бюджет қаражатын жымқырды» деген күдікке ілінді, деп хабарлайды 24kz.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ақпараты бойынша саябақ директоры, кадр бөлімінің басшысы мен бас бухгалтер 15 миллионға жуық теңгені заңсыз иемденгені белгілі болды. Тергеп-тексеру кезінде олар қызметкерлерді тек қағаз жүзінде жұмысқа алып, жалақысын қалтаға басып келгені әшкереленді. Күдіктілер өз кінәсін мойындап, келтірілген залалды толық өтеді. Қылмыстық істі қалалық прокуратура сотқа жолдады.

Жандос Бекасанов, қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басқарма басшысының орынбасары:

- Олар аталған саябақта нақты еңбек қызметін жүзеге асырмаған тұлғаларға жалақыны заңсыз есептеу жолымен 14 млн 700 мың теңге бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталуда. Айыпталушылар сотқа жолданды. Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге ақпарат жария етуге жатпайды.