Астанада өрт сөндірушілер әйелді құтқарып қалды

Астанада өрт сөндірушілер отқа оранған пәтердің балконында ілініп тұрған әйелді аман алып қалды.

Тұрғынды құтқару сәті бейнеленген видео желіде кеңінен тарап, қызу талқылануда. Ажал аузынан аман қалған елордалық өрт сөндірушілерге алғысын айтса, желі қолданушылары құтқарушылардың ерлігіне таңғалуда.

Бұл жантүршігерлік бейнежазба бір күннің ішінде мыңдаған қаралым жинады. 7-қабаттағы балконда асылып, күші сарқылуға жақын қалған келіншектің өмірі қыл үстінде тұрған еді. Бірақ қас қағым сәтте құтқарушылар шалт қимылдап, шапшаң әрекет ете білді. Соның арқасында әйелді төмендегі пәтерге түсіріп, құтқарып қалды. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Ажал аузынан аман қалған елорда тұрғыны көз жасына ерік беріп, жүрекжарды алғысын білдірді.

ИНТЕРШУМ

- Өрттен қорғану үшін балкон арқылы түсуіме тура келді. Бағлан мен Қадыр мені құтқарып, аман алып қалды. Құтқарушыларға алғысым шексіз. 

Балконға асылып тұрған әйелді өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі Қадір Өмірзақов бірінші болып байқады. 

Алайда өртпен арпалысып жатқан әріптестеріне бұл туралы хабар беруге мүмкіндігі болмады. Мұндай сәтте әрбір секунд санаулы. Сондықтан көп ойланбастан 7-қабаттың балконында ілініп тұрған әйелді құтқаруға өзі кіріскен. 

Қадір Өмірзақов, өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі:

- Бір мезетте лестницамен көтерілдім алтыншы қабатқа, квартираны қақтым есгім. Ол жігіт те есікті аша қойды. Содан көрсетті балкон қайда екенін, бір қарағанда әцел салбырап тұрды. Енді ойымда ештеңе болған жоқ. Адреналин бе, тек адамды құтқару болды, аяғынан ұстап, ішке қарай кіргізіп алдым. 

Балконның жиегіне жабысып тұрған әйелді құтқаруға атсалысқан тағы бір өрт сөндіруші Бағлан Бекшенов. Айтуынша, пәтердің есігін ашу қиын болғандықтан, қабырғаны бұзуға тура келген. Құтқарушылар бұл әрекеттерін ерлікке санамайды, күнделікті жұмысымыз дейді. 

Бағлан Бекшенов, Астана қаласы №2 өрт сөндіру бөлімінің командирі:

- Негізі қорқыныш болды, артқа қарай құлап кете ме деп, шамалы өзінің несі бар екен, есін білмей қалса ол кісі онда қиын болар еді, бірақ ол кісіні де біліп тұрды. Сол арқылы ішке кіргізіп алдық. Әрбір қазақстандықтың, ТЖ министрлігінің, әрбір құтқарушының міндеті, оны ешкім ерлік деп санамайды. Атқарып жүрген жұмысымыз енді.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына арнайы сатысы бар техниканы жеткізген. Алайда, үйдің ауласындағы көліктің көптігінен оны қолдануға мүмкіндік болмапты. Өкінішке орай, Елордадағы тұрғын үйлердің ауласындағы жағдай осындай. Бұл құтқарушылардың жұмысын да қиындата түсетіні анық.

Қуандық Танабас, Өрден Жарқын