Шомылу маусымы басталғалы 7 адам суға кеткен
Павлодар облысында шомылу маусымы басталғалы 7 адам суға кеткен. Оның екеуі бала.
Қайғылы жағдай көбінесе тыйым салынған жағажайларда тіркеледі. Биыл Ертістің орталық жағалауы абаттандырылып, балаларға арналған екі бассейн салынған. Бірақ соған қарамастан тұрғындар өзен жағасынан алыстап, қауіпсіздікке бейжай қарайды.
Шілденің ыстығында сая іздеген қала тұрғындары өзен бойына ағылады. Ертіс – кеме қатынайтын терең өзен. Сондықтан кез келген жерде суға түсу қауіпті.
Суға түсуге рұқсат жоқ жерлерге арнайы белгі орнатылады. Ол тегіннен тегін емес, - дейді құтқарушылар. Нақты арнайы белгі орнатылған жерлерде терең шұңқыр болуы мүмкін. Судың ағысы қатты, иірімі бар жерлер немесе ол жерде қандай да бір құрылыс материалдары, ағаш жатуы мүмкін. Ал суға кеткендердің басым бөлігі осындай белгілерді елемей суға түскендер екен.
Облыс аумағында 40-тан аса жағажайда шомылуға рұқсат. Бірақ барлық талапқа сай жабдықталған демалыс орындарында қайғылы оқиғалардың тіркелетіні өкінішті-ақ. Жақында 19 жастағы бозбала орталық жағажайда батып кетті.
Серік Шериязданов, облыстық ТЖД жедел құтқару жасағы бастығының орынбасары:
- Біз екі минуттың ішінде жетіп бардық. Үш сүңгуір бірден жұмыс бастады. Бірақ таба алмадық сол күндері, одан кейін үш күннен кейін мәйіті су бетіне шығып бір куәгер көріп, сол кісі хабарлады. Бізде судың асты лай, түк көрінбейді. Біз адамды іздестіргенде судың астында сипалап жүреміз.
Арнайы жасақталған жағажайлар мен жекеменшік демалыс аймақтарында қоғамдық құтқарушылар жұмыс істейді. Олар мамыр айында арнайы дайындықтан өтеді. Суға батып бара жатқан адамды судан алып шығып, алғашқы көмек көрсетудің әдіс-тәсілдерін меңгереді. Дегенмен қайғылы оқиғалардың алдын алуға болады. Ол үшін дер кезінде дабыл қағылуы тиіс, дейді құтқарушылар.
Ольга Веневцева-Лесовоя, құтқарушы:
- Адамдар уақытты өткізіп алады. Мысалы жақында қайғылы жағдай болды. Суға түскен адам жарты сағат бойы жағаға шықпай қойды. Ал бізге хабарлаған кезінде өте кеш болды.
Ольга Шмакова, қала тұрғыны:
- Қазақстан бойынша ең әдемі жағажай біздің Павлодарда дер едім. Жергілікті билік қолдан келгенше жағдайды жасап берді. Сондықтан адам өзін-өзі сақтап, өз өміріне жауапкершілікпен қарауы керек. Бұл жерде мәселе тек тұрғындардың жауапсыздығына келіп тіреледі.
Аптап ыстықтың беті әлі қайтқан жоқ. Қазір қала тұрғындарының дені бос уақытын өзен жағасында өткізеді. Биыл орталық жағажайдағы қоғамдық құтқарушыларға патрульдік қайық берілді. Бірнеше жерге құтқару мұнаралары орнатылды.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, 24.KZ, Павлодар