Елімізде жыл басынан 102 бала терезеден құлап кетті

Жыл басынан бері елімізде 100-ден астам бала терезеден құлап кеткен деп хабарлайды 24kz.

Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше, көбіне 2 мен 5 жас аралығындағы балдырғандар осындай қатерге ұшырайды. «Сондықтан көпқабатты үйдегі терезелерге қауіпсіздік бұғаттауышын қою маңызды», дейді мамандар. Қайғылы жағдай орын алмас үшін тағы не істеу қажет?

Альмира Оразбай, тілші:

- Бұл – Астанадағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірі. Былтыр мұнда бір жасөспірім терезеден құлады. Қазір Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары баспаналардағы қауіпсіздік мәселесін реттеуді қолға алып отыр.

Бақты Қадырова, қала тұрғыны:

- Қайғылы жағдайлар, әсіресе, жазда болады. Ата-аналар жұмысқа кетеді, ал балалар жалғыз қалып жатады. Мұндай кезде бірінші баланың қауіпсіздігін ойлау қажет. Олардың терезеден құлап кетуінің алдын алу шарасын ойлау керек. Тұрғындардың басым бөлігі терезеге бекіткіш тор қояды. Бүгін мамандар бізге келіп, тор қоюға болмайтынын айтты.

Бекіткіш торды неге қоюға болмайды? Себебі ол өрт қауіпсіздігі ережелеріне сай келмейді. Сәйкесінше, оны орнатқандарға 5 айлық есепткіш көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Оның орнына мамандар блокиратор қоюға кеңес береді. Тіпті бұл істе өздері көмек беруге кіріскен.

Ажар Рүстемова, қалалық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:

- Тұрғын үй қоры мен көпқабатты үйлер қашан да мемлекет бақылауында. Бірақ бұл үйлерді жаппай тексереміз деген сөз емес. Мамандар тек жоспарлы түрдегі тексеру мен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Дәл қазір біз бекіткіш тор орналастырған азаматтармен сөйлесіп, оны айыппұлсыз алып тастауға мүмкіндік беріп отырмыз. Себебі бекіткіш торлар, тұрғын үйде өрт болған жағдайда құтқарушылардың эвакуация жұмысына кедергі келтірмеуі тиіс.

Қазір пластик терезе орнататын компанияларда құлыптың түр-түрі бар. Дегенмен, тұрғындар дәл осы бекіткіш торға сұранысты арттырған. Мәселен мына компания күніне 100-ге жуық тапсырыс қабылдайды. Мұнда поликорбанатты бекіткіш 25 мың теңге тұрады, ал алюминийден жасалғандар екі есе арзан. Ал блокираторлардың бағасы шамамен 4,5 мың теңге.

Нұрлан Тасығожин, терезелерге тор орнату компаниясының басшысы:

- Блокираторларды орнатқысы келетіндерге кепілдік бермейміз деп бірден ескерту жасаймыз. Себебі қатты жел соқса, ол жұлынып кетуі мүмкін. Немесе өздігінен бұралатын пластмассалар да уақыт өте істен шығуы мүмкін. Ал бекіткіш торларға жел әсер етпейді. Оған бар болғаны 8-ші номерлі гайка кілті керек. 1-2 гайканы кілтпен бұрау арқылы, бекіткіш торды қиындықсыз ашып алуға болады.

Былтыр балалардың терезеден құлауының 170 оқиғасы тіркелген. Ал биылғы жарты жылдың өзінде 102 бала терезеден құлап, 7-еуі қайғылы жағдаймен біткен. 95-і түрлі жарақат алып, ауруханаға жатқызылды. Қазір заң бойынша құрылыс компаниялары жаңа үй салғанда терезелерге қауіпсіздік құлыптарын бірден орнатуы тиіс. Алайда оның орындалу барысын әзірге тексеріп жатқан ешкім жоқ.

Авторлары: Альмира Оразбай, Мұрат Әріпханов