Қордай ауданында сел жүріп, 700 мал суға ағып кетті
Жамбыл облысы Қордай ауданында толассыз жаңбыр соңы тасқынға ұласып, дүлей дауыл тұрды деп хабарлайды 24kz.
Салдарынан Бетқайнар мен Соғанды ауылдарына су кірді. Тасқын кезінде ауылдық округтердегі 671 ұсақ мал мен 10 бас жылқыны су ағызып әкеткен. Бірақ әкімдік төрт түліктің өлекселері табылмағандықтан, ақпаратты растамады. Тілсіз жау Соғанды – Бетқайнар автожолының көпірін бұзып өткен. Аудан әкімдігінің мәліметінше, тұрғын үйлерге су кірмеген. Бірақ жойқын жел Соғанды ауылындағы бағаналарды құлатып, жарықсыз қалдырған. Ал, Беріктас елді мекенінде 200-ден астам үй мен 2 әлеуметтік нысан газсыз отыр. Ал секундына 45 метр жылдамдықпен соққан желден жарақат алған ауыл тұрғыны ауруханаға түскен. Қазір ауданда қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Әділбек Телғазиев, Беріктас ауылының тұрғыны:
- Аяқ астынан 15-20 минуттың ішінде болды, міне, талқанын шығарып кетті. Арғы көшенің қорасының шатырларын, бергі көшедегі газ құрылғысын электр энергиясы бағаналарын құлатып,сондай тосын табиғаттың ашуы келгендей болды. Электроприбор, газ счетщик бәрі талқаны шығып жатыр. Аяқ астынан біз сияқты зейнеткерлер қайда барамыз. Осының бәрін шешетін шығар. Енді газ болмаса да, жарықты бүгін жөндесе жақсы болар еді.