Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытында тексеріс жүріп жатыр
Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытындағы оқиғаға қатысты арнайы комиссия тексеріс жүргізуде деп хабарлайды 24kz.
Кәсіпорында 8 адам күйіп қалған еді. Оның 6-уы жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары өте ауыр. Оларға ем-дом көрсетуге Ұлттық травматология және ортапедия орталығының мамандары да келген. Зауыттағы оқыс оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 156-бабының 2-бөлігі бойынша «Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бабына сай қылмыстық іс қозғалды. Комиссия құрамында мемлекеттік инспекторлар, Өндірістік қауіпсіздік департаментінің, Төтенше жағдайлар департаментінің, құқық қорғау органдарының өкілдері және жұмысшылар бар. Облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Мұрат Қаракекіловтің айтуынша, ұжымда кәсіподақ болмауына байланысты тексеру тобының мүшелігіне жұмысшылар кіріп отыр.
Мұрат Қаракекілов, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:
- Бірінші күннен бастап, сенбі күнінен, комиссия жұмыс істеп жатыр. Көрген адамдарға сұрақтар жүргізіліп жатыр, орны тексерілді болған жағдайдың, техникалық құжаттары алынды. Аттестация өткізгені жөнінде құжаттары алынды, олардың барлығы қазір сараптамаға беріліп жатыр. Сол заңда берілген 10 күн ішінде сіздерге толық мәлімет береміз деп ойлаймын.