ҰБТ-ның жалған сертификаттарын тапсырғандар анықталды
Елдегі жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясына ҰБТ-ның жалған сертификаттары тапсырылған деп хабарлайды 24kz.
Мамандардың мәліметіне сай, қазірдің өзінде осындай оннан астам дерек тіркелген. Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері тиісті материалдар құқық қорғау органдарына жолданатынын хабарлады.
Биыл негізгі ҰБТ-ға 180 мыңнан астам талапкер қатысқан. Соның 76%-і шекті баллдан көп жинады. Ал қалғаны жоғары оқу орнына грантқа тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Дегенмен, бұл емтиханның нәтижесі кез келген жетістікке жетелейтін жалғыз жол емес. ҰБТ-дан бір ғана балл жинаған Ерасыл осылай деп қатарластарын жігерлендірді.
Ерасыл Уәлиев, мектеп түлегі:
- Біреулер тіпті ойлап жатыр: «Мәссаған, өміріме нүкте қойылды, болды, енді не істеймін?!» деп. Бірақ мен сіздерге айтайын, ҰБТ-мен өмір тоқтап қала ма? Жоқ! Әрине, жоқ. Тұрақтылық пен тәртіптің арқасында көптеген биік-биік белестерге қалай жететінімді көрсетпекшімін.
Төмен балл алып қалған талапкерлердің кейбірі жалған құжат жасауға көшкен. Алайда ҰБТ-ның әрбір сертификатындағы бірегей QR-код мұндай заңбұзушылыққа жол бермейді. Осы арқылы жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясы құйтырқы әрекеттерді бірден байқаған.
Наужан Дидарбекова, Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары:
- Біз барлық қабылдау компаниясының аяқталғанын күтіп, осы нәтиже бойынша құқық қорғау органдарына тиісті қатынас хаттарды жолдайтын боламыз. Кәмелетке толған балалар да бар, толмаған балалар да бар. Балалар кәмелетке толмаған жағдайда олардың ата-аналары тиісті жауапкершілікке тартылады.
Сарапшылардың айтуынша, ата-аналар мен балалардың арасында еркін диалог бола бермейді. «Біржақты талап пен үміт түлектерге қысым жасайды», - дейді олар.
Айдос Әділбекұлы, білім саласының сарапшысы:
- Бүкіл әулетімен отырып, соған үміт артады. «Сен оқуың керек, сен жоғары балл алуың керек», деп жыл бойы өте көп айтылғаннан кейін ол бала ҰБТ-ға кіріп, аз балл жинап қалады да, үмітін ақтамадым деген жаман бір ой болады да, осындай әрекетке барып жатады. Бір емтиханның нәтижесімен оның 11 жыл оқыған білімін көрсету мүмкін емес, ешбір емтиханмен. Болашақта жасанды интелектіге көшу арқылы баланың білімін анықтауға көшетін шығармыз.
ҰБТ сертификаты – ресми құжат. Мамандар оны қолдан жасағандарға ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Арман Ақшабаев, Ырыстанбек Оспанов