Өндіріс аумағындағы өрт: прокурорлар қылмыстық іс қозғады

Шымкентте өндіріс аумағында болған өртке байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды 24kz.

Оқыс жағдайдың кесірінен ауада күкірттің қос тотығы шамадан 40 есе артқан. Экология департаментінің өкілдері осындай ақпарат таратты. Бірақ қайта талдаудың нәтижесінде көрсеткіш бұрынғы қалпына түсіп, жағдай тұрақталған.

Өндіріс аумағындағы күкірттің тотығуы химиялық реакцияға ұшыраған. Әзірге ауаға тараған қою түтіннің адам ағзасына қаншалықты зиян екенін ешкім дөп баса алмайды.

«Зардап шеккен 10 адамның өміріне қауіп жоқ» дейді дәрігерлер. Ал тынысы тарылған соның екеуі бақылауға алынған.

Нұрлыбек Асылбеков, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңда екі азамат қана ауруханада жатыр. Біздің дәрігерлеріміздің көмегі арқасында бүгін-ертең бір пациентті үйіне жібереміз деген сенімдеміз. Бүгінгі таңда профилактикалық кеңес көрсетуге біздің мамандарымыз дайын.

Тазагүл Жұрымбаева бүгін отбасымен бірге үйіне оралды. Олар дабыл сиренасын ести сала, «Шаңырақ» шағын ауданынан туыстарының үйіне бет алған. Жалпы оқыс оқиға аумағынан 2 мыңнан аса адам эвакуацияланса, оның 450-і арнайы орынға жайғастырылды.

Тазагүл Жұрымбаева, қала тұрғыны:

- Сақшылар айтқаннан кейін бәріміз ертерек жиналып кеттік. Бүгін келсек, жақсы бәрі орнында. Кеше ащы иіс болды. Енді сөндірілгеннің арқасында бәрі орнына келді деп ойлаймын. Бәрі әсте-әсте оралып жатыр үйіне.

Өрт сөндірушілер қызыл жалынмен тәулік бойы күресті. Жедел штаб құрылып, көмекке Түркістан облысының құтқарушылары келді. 700-ден аса адам, 129 техника мен өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр.

Ердос Ахметов, қалалық ТЖД басқарма жедел кезекшісі:

- Өрт сөндірушілер келген кезде ашық күкірттің жануы анықталды. Төтенше жағдайлар министрлігінің күштерімен өрт сөндіру жұмыстары жүргізілді. Жедел штаб ұйымдастырылды. Өрт орнына ҚТЖ өрт сөндіру поезды және жергілікті атқарушы органы, санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаменті және эколог өкілдері жұмылдырылды.

Оқыс жағдайға байланысты қалалық прокуратура қылмыстық іс қозғады. «Химиялық заттармен жұмыс істеу кезінде экологиялық талаптарды бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыздықбеков өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Ал экологтар мен санитарлық мамандар жерден, ауадан сынама алып, талдау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Сабыр Балыбек, қалалық экология департаменті басшысының орынбасары:

- Біздің департаменттің сынақ зертханалары өрт аумақтан тыс жерлерде сынама алу жұмыстарын жүргізді. Сынама нәтижесінде күкірттің қос тотығы белгіленген шекті мөлшер консентрациясынан 40 еседей жоғары болғаны анықталған. Көміртегі тотығы 1,6 шекті мөлшерден жоғары екені анықталған. Қазіргі сынақ бойынша ластаушы заттар шекті мөлшердің консентрациясынан асу фактісі анықталған жоқ.

Дей тұрғанымен, қала билігі зертханалық талдаулардың қорытындысы толық шыққанша тұрғындардан қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға үндейді. Көз ашып, жөтел қысса немесе тыныс алу кезінде қиындық болса дәрігерлерге қаралған жөн.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов