Алакөлде құлаған ұшақ елде тіркелмеген

Алакөлде құлаған ұшақ азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізімінде тіркелмеген.

Тиісінше оның ұшуға жарамды деген сертификаты болмаған. Бұл жөнінде Азаматтық авиация комитеті мәлімдеді. Оған қоса әуе кемесін басқарған ұшқыштың арнайы куәлігі де болмаған. Қазір бұл оқыс оқиғаны құқық қорғау органдары тергеп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан 4 күн бұрын Жетісу облысының Ақши ауылы маңында Алакөлге шағын ұшақ құлаған болатын. Салдарынан 2 адам зардап шекті.

Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:

- Алакөлде орын алған жайт, ол жердегі ұшақ республикалық реестрда жоқ. Қазір осы мәселелер қаралып жатыр. Ұшақтарға қатысты бір жайт орын алса, арнайы комиссия құрылады. Сол комиссия құрылғаннан бастап арнайы мамандар сол жерге жіберіледі және орын алған оқиғаны зерттеумен айналысады. Заң аясында жалпы сол зерттеу жұмыстарына кететін уақытты айтатын болсақ, ол 3 айдан 1 немесе 2 жылға дейін созылуы мүмкін.