Елімізде жарты жылда мопед тізгіндеген 27 адам көз жұмды

Елімізде жыл басынан мопедтерге қатысты 500-ден астам жол апаты тіркелген, деп хабарлайды 24kz.

27 адам қайтыс болған. 31 мың азаматинебәрі жарты жылда жол ережесін бұзып, жауапқа тартылған  Ал былтыр қос дөңгелектіні басқарғандардың қатысуымен 750 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Адам шығыны да жоқ емес. «Көңіл көншітпейтін статистиканың себебі – заңның қатаң болмауы», - дейді мамандар.

Альмира Оразбай, тілші:

- Астаналық Алан Таратыновтың жасы 18-де. Колледжде білім алады. Жас жігіт қазір ата-анасына қолғабыс ету үшін мопедті жалға алып, табыс тауып жүр. «Тапсырыс берушілердің заттарын қалаған жеріне апарып беремін», дейді.

Алан Таратынов, қала тұрғыны:

- Алдымен ата-анам қарсы болған. «Мопед айдамайсың» деді. Бірақ олармен сөйлесіп, өзіме жұмыс керек екенін түсіндірдім. Кейін өздері де кәсібімнің табысын көріп, барлығын ұқты. Мен таңғы 10:00-ден түнгі 23:00-ге дейін күніне 25 тапсырыс қабылдап, оны жеткізіп беремін. Бұл істе маған мопедтің көмегі зор. Діттеген жеріме тез жетемін. Алайда ешқашан жол ережесін бұзған емеспін. Себебі өзімнің қауіпсіздігімді ойлаймын.

Елімізде қалай мопедті сатып алуға оңай болса, дәл солай да жалға беріледі. Мәселен мына дүкенде мопед бағасы 300 мың теңгеден бастап саудаланады. Ал, жалға алу құны 25 мың теңгеден жоғары.

Бауыржан Ахмет, жеке кәсіпкер:

- Былтыр бастағанбыз, екінші сезон қазір жүріп жатқан. Запчасти сатамыз мопедтерге. Сосын мопед сатамыз, Қытайдан әкелеміз. Былтыр енді 10-нан бастадық қой. Былтыр Астанада жоқ еді негізі, бірінші әкелген мен болатынмын. Солай қоса бердік.

Кәсіпкердің айтуынша, былтыр екі дөңгелектінің 100-ге жуығын сатқан. «Бірақ сатса да, жалға берсе де, алдымен тұтынушының жасын сұрап, мопедті алу мақсатын айқындап аламын», - дейді.

Бауыржан Ахмет, жеке кәсіпкер:

- Біздер енді 18 жастан жоғары береміз, сатып алса да, арендаға алса да. Өйткені 18 жасқа дейін хақымыз жоқ беруге. Біз келген адамнан клиенттен сұраймыз, сатып алса да, арендаға алса да: «не істейін деп жатсың», деп. «Жағдайың қалай, айдай аласың ба, жоқ па?» Осы жерден тексереміз, территория үлкен бізде, осы жерде айдатып көреміз. Содан кейін барып сатып алу-сату келісімшартын береміз қолдарына.

Кәсіпкердің бұл ісі құптарлық. Себебі қазір жасы жетпегеннің бәрі мопедті ермекке айналдырған.

Ал, оны тізгіндеген ересектер көбіне жылдамдықты арттырып, бағдаршамға бағына бермейді. Кейде тіпті қарсы бағытқа да шығып кетеді екен. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, былтыр қос дөңгелектіні басқарғандардың қатысуымен 700-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 39 адам көз жұмған.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі:

- Жыл басынан республика көлемінде 500-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген осы мопедтердің қатысуымен. Ол жерде 30-ға жуық адам қаза болып, тағы 500-ден астам адам әртүрлі жарақат алған. Былтырғы есептік жылмен салыстырып қарағанда жол апаты да, адам шығына да 3 есеге көбейіп тұрғанын байқауға болады.

Мопед айдағанда маңызды ереже бар. Оны тізгіндегендер міндетті түрде арнайы киімдерін киюі керек. «Себебі жүргізуші, ең алдымен, өзінің қауіпсіздігіне жауап беруі тиіс», - дейді Ақтоты Боранова.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі:

- 24-тарауда жазылған, мопедті басқарған кезде міндетті түрде басына шлем киюі керек. Түнгі мезгілде жарық қайтарғыш элементтері бар киім немесе зат деген сияқты, яғни, мопед жүргізушісінің көріну мүмкіндігі болу керек. Басқа жүргізушілер мопедтің келе жатқанын байқау керек. Велосипедші болсын, электросамокат болсын, мопед болсын, жаяу жүргінші болсын, ол өзінің ең бірінші кезекте қауіпсіздігі үшін.

Жалпы мопед – қозғалтқыш көлемі 50 текшеден аспайтын мототехника. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, оларды тіркеп, куәлік алудың қажеті жоқ болатын. Алайда Сенатқа жолданған жаңа заңда бұл олқылықтар жойылуы мүмкін. Онда азаматтарға тиісті санаттағы жүргізуші куәлігін беру және мопедтерді мемлекеттік тіркеуге алу мәселесі қайта қаралады.

Авторы: Альмира Оразбай