Ақтөбе облысында 4 адамның суға батып кетуіне байланысты тергеу жүріп жатыр
Ақтөбе облысында 4 адамның суға батып кетуіне байланысты тергеу амалдары жүріп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Оқиға өткен сенбі күні Әйтеке би ауданының орталығы Темірбек Жүргенов ауылы маңында болған. Анықталғандай, суға кеткендердің үшеуі Атырау облысының тұрғындары. Нақты айтқанда, елді мекендегі тумасына келген 1985 жылы туылған ер адам екі баласымен бірге қайтыс болған. Ал, көз жұмғандардың тағы бірі сол меймандар аялдаған үйдің баласы екен. Төтенше жағдай департаменті қызметкерлерінің айтуынша, олар Ырғыз өзеніне шомылған. Кенеттен балалар арғы бетте жүзіп жүрген үйректерді көріп, суға лап қойыпты. «Салдарынан қайғылы жағдай болды», - дейді мамандар. Облыстық ТЖД басқармасының бастығы Иса Байтұрсыновтың айтуынша, өңірде жыл басынан бері 11 адам суға батып кеткен.
Иса Байтұрсынов, облыстық ТЖД басқармасының бастығы:
- Үш бала үйректердің жүзіп жүргенін көреді де, сонымен ойнап, сол үйректерге жүгіріп кетеді. Сол кезде суға бата бастайды. 1985 жылы туған Атырау облысының азаматы өзінің балалары, туысы батып жатқанын көріп, құтқаруға жүгіреді. Өкінішке орай, құтқарамын деп өзі де суға кетіп қалды. Қазіргі уақытта құзырлы органдар тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.