Қызылордада жыл басынан бері 14 бала терезеден құлап кеткен

Қызылордада жыл басынан бері 14 бала терезеден құлап, ауыр жарақат алды, деп хабарлайды 24kz.

Дені 5 жасқа дейінгі бүлдіршіндер. Мұндай оқыс оқиғалар өңірде былтырмен салыстырғанда екі еседей көбейген. Жаз айларында көпқабатты үй тұрғындары терезені ашып қояды. Бірақ қауіпсіздікті барлығы бірдей ескере бермейді. Балалардың биіктен құлау жағдайларының алдын алу үшін, елімізде «Өзіңнен баста» атты челендж өтіп жатыр. Бұл бастамаға қызылордалық құтқарушылар да белсенді қатысуда. Төтенше жағдайлар департаментінің көпқабатты үйде тұратын 300-ден астам қызметкері өз пәтерлерінің терезесіне арнайы құрылғы орнатты. «Балалардың терезені өз бетінше ашуына кедергі болатын мұндай құрылғының көмегі көп», - дейді облыстық ТЖД бөлім бастығы Бейбітхан Спанов.

Бейбітхан Спанов, облыстық ТЖД бөлім бастығы:

- Осыған байланысты тұрғындарымызға да осы блокиратор аппаратын, бұғаттағыш аппараттарын мейлінше барлық терезелерге орнатса деген ұсынысымыз бар. Статистикаға сүйенсек, елімізде жылына 300-ден астам бала терезеден құлап кету жағдайлары тіркеледі екен. Оның 120-дан астам сәбиі осы қайғылы жағдаймен, яғни құлап кету салдарынан көпқабатты тұрғын үйлерден өлімге әкеліп жатқан жағдайлар да бар.