Елордада бүлдіршіндердің тамағын ұрлаған меңгерушілер жазаланды

Елордада балабақша меңгерушілері бүлдіршіндерді тамақтандыруға бөлінген қаржыны ұрлады, деп хабарлайды 24kz.

Олар мәзірге сәйкес қажетті азық-түлік көлемін көрсете отырып, өтінім берген. Бірақ өнім берушімен сөз байласып, жалған құжат жасаған. Қылмыстық схеманың ұйымдастырушысы бұрын сотталған болып шықты. Сотта прокурор кінәлілердің ісін айғақтайтын барлық құжатты ұсынды. Нәтижесінде 5 балабақша меңгерушісі 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан шектелді. Меңгерушілердің келтірілген залалды өтегені, кінәларын толық мойындауы және кішкентай балаларының болғаны жазаларын жеңілдетті. Ал олардың сыбайласы 4 жыл бас бостандығынан айырылды. Жымқырған 35 млн теңгеден астам қаражат бюджетке қайтарылды.

Алдияр Бақытжан, Астана қаласы прокуратурасы басқармасының аға прокуроры:

- Балабақшаның бұрынғы басшылары тауарды жеткізушімен қылмыстық келісімге келгені анықталды. Мемлекеттік айыптаушы-прокурор сотталғандардың кінәсі туралы барлық дәлелдемені ұсынды. Сот үкімімен балабақша меңгерушілеріне пробациялық бақылау белгіленді. Жазаға оларды мәжбүрлі еңбекке тарту да қосылды.